ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мамандары, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жүргізілген мониторинг жұмыстарын қорытындылады. Толығырақ тарқатсақ.

Аталмыш департамент мамандары кәсіби спорт саласына мониторинг жүргізген. Сыртқы талдау жұмыстарына «Қызылжар» ФК ілікті. Жұмыс аясында спортшылардың жарыстарға қатысуы үшін жасалатын мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттарында белгілі бір талаптардың болмағаны атап өтілді. Салдарынан мемлекеттік бюджеттен алынған қаражатқа есеп берілмеген.

АЙДОС ЖҮНІСОВ  ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ «ҚР бюджет кодексінің 32-ші бабына сәйкес заң бұзушылық анықталды. ФК жарыстарға мемлекет қаражатынан бару мүмкіндігіне ие болған. Дегенмен құжаттарды рәсімдеу кезінде қателік кетіп, мемлекеттік бюджеттен алған қаржыға қатысты есеп беру пункті қосылмаған болып шықты. Сол себепті біз техникалық хаттамаға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс жазып, қазір түзетулер енгізілді».

Сонымен қатар мамандар Ғ. Мүсірепов ауданы орман шаруашылығы саласынан жемқорлық фактісін анықтаған. Ақан сері орман шаруашылығынның директоры тұрғындарға ағашты қымбат бағада өз туыстарынан алғызып келген. Тексеріс нәтижесінде, кесілген ағаштың  басым бөлігі яғни 77,1 пайызы осы шаруашылық директорының жұбайының үлесіне тиесілі екені белгілі болды. 

АЙДОС ЖҮНІСОВ  ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ  «Орман шаруашылықтары тұрғындарға ағаштарды кесілген түрде сатып, оны үйіне дейін әкеліп тастауы керек. Алайда, бұл жерде орман кодексінің 36-бабы бұзылған. Яғни шаруашылықтар мұндай қызмет түрін көрсетпегендіктен тұрғындар қымбат бағада жеке кәсіпкерлерден отын алған». 

Мұндай факті Мамлют орман шаруашылығында да анықталды.