Алматы қаласының тұрғындары қазақ өнерінің ірі тұлғасы Асанәлі Әшімовпен кездесті. «Алаштың Асанәлісі» деп аталған шараға назар аударсақ.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, даңқты актер Асанәлі Әшімұлы шығармашыл жастармен жүздесіп, өмір жолы мен өнердегі өнегесі туралы ой бөлісті. Шараның мақсаты — қазақ өнерінің абыз актерін жастарға жақынырақ таныстырып, оның өмірлік тәлімі мен өнердегі шеберлігін ұрпақ санасына сіңіру. «Алаштың Асанәлісі» деп аталған кездесу «ARTist» авторлық жобасы аясында болды. Өнерсүйер қауым үшін ерекше мәнге ие бұл шара №4 кітапханада өтті. Жүздесуге келген жастар Асанәлі Әшімовтің актерлік шеберлігіне, өмірлік ұстанымына қатысты сұрақтар қойып, шынайы әрі әсерлі әңгіме тыңдады.

ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ  ОКЖ-НІҢ  №4 КІТАПХАНА ЖЕТЕКШІСІ «Бұрынғы жүйеде оқырмандар тек кітап оқып отыратын болса, кітапханада өнерге, руханиятқа қатысты талқыланатын болады. Авторлық жобаның басты өзегі осы. Алдағы уақытта басқа да өнер адамдарын шақыруды жолпарлап отырмыз. Ол сурет өнері немесе бізге белгілі өнерлерден бөлек жаңа өнерлер шықты ғой қазір new арт деп жатыр. Сондай өнерпаздарды кітапханаға шақыруды жоспарлап отырмыз».

Айта кету керек, Асанәлі Әшімов - қазақ киносы мен театрының жарық жұлдызы. Оның «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияров секілді рөлдері - қазақ кинематографиясының алтын қорына енген. Әлемдік кино кеңістігінде ел мәдениетін танытқан тұлғаның шығармашылық жолы - жас буын үшін үлкен өнеге.