Терроризм туралы жалған хабарлама таратқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе бес мың айлық есептік көрсеткіш 14,5 млн теңге айыппұл төлейді. Биыл 8 ай ішінде осындай жалған хабарлама таратқан 52 қылмыстық іс тіркелген, оның 28-і сотқа жолданыпты. Қазіргі уақытта 16 адамға қатысты үкім шығарылып, оның 5-уі темір торға қамалды. 8 адамның бас бостандығына шектеу қойылып, 2 азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қолданылды деді Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев бүгін ішкі істер министрлігінде өткен брифингте. Сондықтан, жауапты министрлік ескертеді: жалған хабарлама ол - қылмыс. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады.
АЛМАС ТАЛҚАНБАЕВ ҚР ІІМ ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бір рет жалған хабарлама беру – ол қоңырау шалған адамның өмірін ғана бүлдіріп қоймайды, оның отбасы үшін ұзақ жылдар бойы дақ болып қалады. Жасөспірімдер үшін ЖОО түсуге кедергі болады, ересектер үшін қандай да бір жұмысқа орналасатын кезде бұрын сотталған деп жұмысқа алмайды. Артынан қанша «бармағын тістеп» өкінгенімен, ештеңе өзгермейді».
Статистикаға сәйкес жалған хабарлама үшін сотталғандардың 48-ден 55 пайызға дейінгі санаты бұл қылмысты жасаған сәтте қатты мас болған және мұндай қадамға баратындардың дені жұмыссыздар екен. Айта кетейік, елімізде мұндай қылмыс үшін 14 жастан бастап бас бостандығынан айырылады. Ал, егер кәмелетке толмаған бала жасаған болса, онда шығынды өтеу оның ата-анасына немесе оның заңды өкілдеріне жүктеледі.