Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия экономикасы Шығыс комитетінің ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын».

Президент жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты тағы бір перспективті бағыт ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Қазіргі уақытта Германия мен Швецияның бірлескен Svevind Group компаниясымен «жасыл» сутегін өндіру жөнінде сомасы 50 миллиард доллар болатын келісім жасалды. Бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Алдағы уақытта «жасыл» сутегі өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да металдарды өндіруге жол ашуы мүмкін. Президент Германияның технологиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижелерге жеткізетініне сенім білдірді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыштар өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін».

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.Айта кетейік  Германия экономикасының Шығыс комитеті – Германия Федеративтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы. Шығыс комитетіне Германия экономикасының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.