"

Әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Халықтың тұрмысы түзеліп, әл-ауқаты артуы үшін үкімет бар жағдайды жасауы тиіс. Әсіресе, қоғамда жұмысшы мамандардың мәртебесі көтеріліп, олардың еңбегі бағалануы керек. Осы мақсатта келесі 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланады. Жалпы жолдауда Президент халықты толғындырған барлық мәселені қамтыды. Оның ішінде әскердегі әлімжеттіктен бастап ел азаматтарының қауіпсіздігі, энергия тапшылығын шешу жолы мен тариф бағасын реттеу, экологиялық проблемалар мен қаржылық сауаттылық, салық пен банкке қатысты жаңа заң, шенеуніктердің биылғы алапат тасқыннан қандай сабақ алу керектігіне дейін айтылды. Президент жоғарыда аталған пунктерге жеке-жеке жіті тоқталды. 

Бір жарым сағатқа созылған жолдауда Президент халықты алаңдатып отырған барлық өзекті мәселені қамтыды. Күн санап электр энергиясына сұраныс артып, тапшылық күшейіп бара жатқан бүгінгідей уақытта Қазақстанға сенімді әрі тұрақты қуат көзі қажет-ақ. Бұл орайда Мемлекет басшысы былтыр Жолдауында айтқан АЭС салуға қатысты референдум биыл 6 қазанда өтетін болды. Бұл сауалға қатысты мәселенің толық нүктесін халық өзі қояды деді Президент. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  ПРЕЗИДЕНТІ:
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін». 

Жолдаудың басты мақсаты ол - халықтың табысын арттырып, жағдайын түзеу. Ол үшін халыққа тұрақты жұмыс орындары қажет. Осы орайда жұмыс ұсынатын шағын және орта бизнеске жағдай жасау жайы айтылды. Бизнеске кедергі келтіргендер енді қатаң жазаланады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге жұмыс істеуді жеңілдету үшін салыққа қатысты заңға өзгеріс енеді. Шағын және орта бизнесті жергілікті қаржыландыруды бір ретке келтіру мақсатында енді банктерге қатысты да жаңа заң әзірленеді. Әйтпесе, еліміздегі банк қызметін реттеу туралы заң осыдан 30 жыл бұрын қабылданыпты. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  ПРЕЗИДЕНТІ:
«Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап (яғни орта класс) күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет».

 Ел-азаматтарының қауіпсіздігі қашан да маңызды. Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру менің басты мақсатым деген Президент экстремистер мен әсіре діншілдердің іріткі салатын әрекеттерін сынап, ІІМ-не қарақшылықты толық жоюды тапсырды. Сондай-ақ жолдауда Мемлекет басшысы әскердегі әлімжеттік мәскелесін көтерді. Сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей армия басшылығы жауапты деді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  ПРЕЗИДЕНТІ:
«Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты».

 Диқандар назарына! Шаруаларды қолдау, жеңілдетілген несие беру жайы жолдауда баса айтылды. Қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жаратып, гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту жұмыстары күшеюі керек. Биылғы көктемдегі су тасқыны бәріне сабақ болу тиіс деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  ПРЕЗИДЕНТІ:
«Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуіме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек».

 Президент ішкі әуе бағдарларын дамытуға ерекше назар аударды. Енді осы мақсатта Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі сынды туристік аймақтарға сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салынады. Одан бөлек, жолдауда экология, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау жайы да айтылды. Тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек деді мемлекет басшысы. Әр өңірдің тазалағына енді сол өңірдің басшысы әкімдер жауапты болады. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  ПРЕЗИДЕНТІ:
«Аймақ басшысы тек шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де».

 Қысқасы, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» сынды жолдауда тысқары қалған мәселе жоқ. Бұқаралық спортты дамыту, білім мен медицина, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру, инвестиция, экономика, әлеуметтік сала бәрі-бәрі түгел дерлік қамтылды. Айтпақшы, келер жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Асылында, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда ерекше құрметке лайық-ақ.