Балаларға білім беруде түрлі оқу бағдарламаларын қамту бүгінгі заманның басты талабы. Әсіресе, ізденімпаз, мықты көзқарасы қалыптасқан, қоғамда көшбасшылық қасиетке ие, қамқорлықты да жадынан шығармайтын жастар – болашақтың негізі.
Осы орайда Алматыдағы ««ZAMAN» элиталық қазақ мектебінің құрылтайшылары бірқатар БАҚ өкілдерімен ашық кездесу ұйымдастырды. Еркін тақырыпта өткізілген шара аясында бүгінгі білім беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, білім ошағының ішкі тынысы, білім жүйесі мен бағыты терең түсінідірілді.
Құрылтайшы сөзіне сүйенсек, жекеменшік мектептің басты ерекшелігі қазақ және ағылшын тілінде білім беретіндігінде. Әрі рухани, мәдени құндылықтарымызды қамти отырып, оқушылар бойына ұлтқа, елге, Отанға деген патриоттық сезімді сіңіру көзделген.
Тағы бір айта кететіні, мұнда Халықаралық Бакалавриат (IB) бағдарламасы енгізілген. Бұл бағдарлама – жылдам өзгеріп жатқан әлемде бейімделе алатын әрі табысты бола алатын интеллектуалдар мен болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталған миссиямен үйлесетін үздік жүйе.
Мектепте 500-ден аса оқушы бар. Оларға 100-ден аса өз ісіне берілген, нағыз сала мамандары білім береді.
Жалпы, білім жүйесінде әрбір бала – жасампаздық пен қызметке, шығармашылық пен көшбасшылыққа ниетті қамтитын жаңа дәуір өкілі, деп есептейтін ұжымнан үлкен өзгерістерге бағдар түзегені анық байқалады.