Алматыдағы аграрлық университетке тиесілі нысандар заңсыз жекеменшікке өткен. Бұл қоғам арасында дау туғызуда. Толығырақ тілшіміз Айгерім Есімханның материалында.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне тиесілі болған 3 жатақхана, 5 ірі зертхана және 6 гектар жер заңсыз түрде жекеменшікке өткен. Қазіргі таңда бұл мәселе «AMANAT» партиясының араласуымен Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінің бақылауында. Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезектен тыс отырысында бұл нысандарды университет меншігіне қайтару және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселелері талқыланды.
ЕРЛАН САИРОВ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ, ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ “Енді өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Осы Аграрлық университеттің студенттік қаласы, қалашығының ішіндегі жер — кезінде студенттерден тартып алынған жер. Қазір жекеменшікте. Енді бұлар үй саламыз дейді. Мынау студенттер тұратын жерде жекеменшік үй салу деген — логикаға сәйкес келмейді. Сондықтан бұл тоқтап тұр. Енді ол жай ғана тоқтап тұрған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мынау котлованның ішіндегі топырақ үгіліп, мына жердегі, мынау студенттер жататын жатақхана мен оқу корпустарына өзінің қауіпін төндіріп тұр. Сондықтан бұл жердегі мәселе — біз осы техногендік катастрофаны қазір тоқтатуымыз керек. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс комитеті ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің жергілікті тұстарын басқару комитеті де ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Бұл жерде тек қана депутаттар жүр. Енді мен осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокурорына және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне дәл осы жерде мәлімдеме жолдадым”.
Университеттің ғылыми және білім беру қызметі үшін стратегиялық маңызы бар бұл нысандардың жеке тұлғалардың иелігіне өтуі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Себебі нысандар аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін аса маңызды. Айта кетейік, бұл мәселе биыл ақпанда алғаш рет көтеріліп, "AMANAT" партиясының бастамасымен қарастырылған болатын. Араға алты ай салып, нәтижелерді анықтау үшін тараптар қайта бас қосты.
ЕГЕМБЕРДІ ӘБІЛҚАСЫМ ҚАЗҰАЗУ ҚҰҚЫҚ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: “Бұл кезінде, жаңағы естуіміз бойынша, былайша құжаттар жоқ, қазіргі уақытта қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Осы 2006 жылы осы жерде 12 ме, 9 объекті жекешеленіп кеткен. Яғни, сол уақыттағы осы жердегі отырғандар - ол кезде тек ғана бұл аграрлық университет емес, Қазақстан бойынша жекешелендіру сондай сезім болды, кезең болды. Сол кезде, жаңағы “ұстағаның аузында, тістегенің аузында, ұстағаның қолында” кеткен кез болды да, “қазаннан қақпақ кетсе, елден ұт кетеді” сияқты, қақпақ кетті, осылардың барлығы жекешеленіп кетті. Қазіргі уақытта мұны 2006-дан бері жаңағы өзі тиісті органдар анықтап жатыр. Олармен де кездесу болған. Алайда қазіргі уақытта, мынау тергеу құпиялығын негізге ала отырып, неғылмайды. Сондықтан бұл мәселе 2003-тен бері келе жатқан мәселе болып тұр ғой”.
НҰРИСЛАМ ӘДІЛБЕК ҚАЗҰАЗУ СТУДЕНТІ: “Біздің университеттің жекеленіп кеткені. Бізді олар қамтамасыз ете білуіміз керек. Бұл жерге жатақхана салсақ та болады. Бұдан бөлек мен өзім жатақханада тұрамын. Олардың жүріс тұрысы бізге кедергі жасайды”.
Қазіргі таңда бұл мәселе Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жіті бақылауында. Партия өкілдерінің айтуынша, университет активтерін заңсыз иеліктен шығаруға қатысы бар тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.
СЕРІК НӘБИЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: “Аталған нысан бойынша жағдай бізге белгілі. Бұл нысан біздің бақылауымызда. Маған белгілі мәлімет бойынша, осы нысанға қатысты құжаттар 2020 жылы рәсімделген. Алайда келесі күні-ақ құрылыс тоқтатылған. Қазіргі уақытта біз осы құжаттарды қайта қарап, берілген шешімдердің мемлекеттік жобамен сәйкестігі тұрғысынан қарайтын боламыз. Жақын арада бұл мәселеге құқықтық баға беріледі. Осы апта соңына дейін мемлекеттік жобаға сәйкестігі бойынша қорытынды жауап беретін боламыз деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы жаңа Бас жоспар бекітілді, соның негізінде егжей-тегжейлі жоспарлар әзірленіп жатыр. Алайда бұл құрылысқа берілген құжаттар 2020 жылы рәсімделген, яғни сол уақытта 2016 жылғы Бас жоспар күшінде болған. Сол себепті, біз бұрынғы Бас жоспарды, оның функционалдық аймақтарын қарап шығамыз – яғни бұл аумақта сол кезде қандай мақсаттағы құрылыс қарастырылған, қандай аймақ ретінде белгіленген — осының барлығына талдау жасаймыз. Ал тікелей құрылыс жұмыстары бойынша – бұл жергілікті атқарушы органдардың, атап айтқанда Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласының қалалық бақылау басқармасының құзырындағы мәселе. Қазіргі таңда ғимараттың кейбір жерлері құлап, университет ғимаратына жақындап қалған. Сондықтан әкімдік тарапынан да бұл нысан бойынша құрылыс салушыға қатысты тиісті шаралар қолданылуы қажет болатын”.
Айгерім Есімхан, Асхат Мұсабеков, Алатау ақпараты.