Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті. 

Қазақстандық спортшыларды Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға шығарып салуға ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Ислам Байрамуков, Ольга Шишигина, Дмитрий Баландин және БАҚ өкілдері келді. Министр спортшылар және жаттықтырушылар құрамына алдағы жарыстарға сәттілік тілеп, бұл оқиғаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ «Олимпиада ойындары үлкен дода. Жарысқа 205 елден 10500 спортшы қатысады. 32 спорт түрінен болады. Бүгін Ұлттық құрама команда қызу дайындық жүргізіп жатыр. 92 жолдама, 80 спортшы спорттың 25 түрінен барамыз. 26 шілде ашылу рәсімі өтеді. 27 шілде күні дзюдодан жарыс басталады»

Сондай –ақ еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, қазақстандық спортшыларға сенім мол екенін жеткізді.

ИСЛАМ БАЙРАМУКОВ СПОРТ ШЕБЕРІ « Олимпиада ойындарында білесіздер, бақ шаба ма, бап шаба ма? Сондықтан үміт бар. Балалар жеңіспен оралады деп ойлаймыз. Топ жарып, жүлделі орындардан көрінетін спортшылар құрама команда да бар.Еркін күрестен бара жатқандардан Азамат Дәулетбеков 86 келі салмақта шығады. Соңғы әлем чемпионатынан қола жүлдегері болып, оралған. Одан кейін Әлішер Ерғалиев, Юсуф Батырмұрзаев және Мейрамбек Қартбай.

Еске салайық, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ. Ерекше атап өтетіні Қазақстан құрамасының спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды. Спорт саласының дамуына өзіндік үлес қосқан ардагер Анатолий Қожекенұлы Құлназаров Қазақстан құрамасына батасын берді.