Қазақстанда ішек ауруларына шалдығатындар күрт көбейді. Мамандар дабыл қағуда. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Елімізде ішек ауруларына шалдыққандар саны жыл сайын еселеп артып келеді. Алматыда өткен Ішектің қабыну аурулары бойынша IX ұлттық форумда бұл мәселе кең көлемде талқыланды.Соңғы бес жылда Крон ауруына шалдыққандар саны үш есеге, ал ойық жаралы колитпен ауырғандар саны – 7000-нан асты дейді дәрігерлер. Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін екенін айтады. Сарапшылардың айтуынша, дерт урбанизация, күйзеліс, жұқпалы аурулар және антибиотиктерді бақылаусыз қолдану салдарынан туындап отыр.

ҚАЗЫБЕК АҒЫБАЕВ - ХИРУРГ, КОЛОПРОТОЛОГ: «Бұл иммунный процеске байланысты, ешқандай микроптың сыртқы әсеріне байланысты емес. Көп теориялары бар. Бұлармен кішкене балалардан бастап ересек науқастар да көп ауырады. Екіншіден өкінішке қарай ауруған адам дұрыс емделсе, асқынулар аз болады. Тек бұларды асқынуға жеткізбестен емдеп отырады».

САЙМОН ТРЕВИС ШЕТЕЛДІК ДӘРІГЕР (ҰЛЫБРИТАНИЯ) «Бұл дерт Қазақстанда жиі кездеседі. Әрі батыс елдерінде де ауруға шалдығатындар көп. Мүмкін дұрыс тамақтанбаудың салдарынан көбейіп жатыр. Ауруды диета ұстау арқылы алдын алсақ болады. Статистика бойынша ішектің қабыну аурулары 30-50 жас аралығындағы адамдар тобында кездеседі. Бүгінде ішек қабыну ауруымен ауыратын пациенттерді 40 жыл бойы емдеп келемін. Конференцияда барысында әртүрлі тәжірибелермен бөлісіп, түрлі ақпараттар алғым келеді».

Сондай-ақ мамандар өңірлерде эндоскопиялық құрылғылардың жетіспеуі, психологиялық қолдаудың болмауы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Іс-шарада 300-ден астам қазақстандық және шетелдік мамандар бас қосып, ішектің қабыну ауруларын ерте диагностикалау мен жаңа емдеу тәсілдерін талқылады. Жас ғалымдар байқауы да ұйымдастырылып, саладағы жаңа идеялар мен жаңалықтар ұсынылды. Форум қорытындысы бойынша диагностикалық орталықтар санын арттыру, халықаралық стандарттарға сай емдеу нұсқауларын енгізу және дәрігерлерді үздіксіз оқыту міндеті қойылды.