Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен 25 қазан Республика күніне орай «DASTUR FEST» көрмесі өткізілді. Көрменің салтанатты ашылуында Батырлар тобы арнайы трюктерімен өнер көрсетсе, Ұлттық шапандар тобы қазақи нақышта киімдер тігіп, елге дәріптеп жүрген бренд иелері өз өнімдерімен ортаға шықты.

Ұлттық киім  мен кимешек киген апалар тобы халық алдында  дәстүріміздегі әйелдер киім үлгісін дәріптеліп,темір ұстасының киімдері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай ақ Қазақ дәстүріндегі табақ тарту әдісін нағыз маман жұртшылыққа таныстырып өтті. Көрменің ашылу салтанатында ҚМДБ Төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық ықыласы мен сәлемін наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы жиналған көпшілікке жеткізді.

КЕНЖЕӘЛІ ҚАЖЫ ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ ҚМДБ НАИБ МҮФТИІ

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел мұсылмандарының қара шаңырағы. Муфтият қашан да ата-бабадан мұра болған мұсылмандық мектепті ұстанып, салт-дәстүрімізді дәріптеп келеді. Мысалы, муфтият бұған дейін «Дін мен Дәстүр” атты бірінші және екінші кітабын шығарса, жуырда «Дін мен Дәстүр» үшінші кітабы жарық көрмек. Сондай-ақ, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен муфтияттан арнайы «Дін мен Дәстүр» бөлімі ашылды. Бұл бағыт – жамағат арасында құстың қос қанатындай болған осы қос ұғымды насихаттауға күш салмақ деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан

ТӨЛЕБИ ОСПАН

«DASTUR FEST» көрмесіне келген көпшілікке ақ жаулықты аналар шашу шашып, келіндер қонақтарға бауырсақ дәмін ұсынды. Көрменің келесі кезеңі әжелердің жүн түту, сабау, жіп иіру секілді салт-дәстүрлермен жалғасын тапты.Жиналған қауым алдында баланың тұсау кесу дәстүрі орындалып,«Оқырманмен ой бөліс» жобасы аясында ғалым, PhD доктор Азамат Жамашевтың, PhD докторанты Сырым Шакизаданың, ұстаз Ерлан Ақтаевтың оқырмандармен кездесуі өткізілді
 Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Дәстүр Фест» көрмесінің басты мақсаты – халық арасында Дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу болатын.