Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдайтын жаңа тетіктер енгізуде. Кәсіпкерлер үшін бұл мақсатта бірқатар жеңілдіктер бар. Басымдық жер қойнауын пайдаланушы компанияларға беріледі. Табиғи монополия субъектілері сатып алуларында отандық тауарларға 10 пайыз шартты жеңілдік жасалады. Бұл өз кезегінде тауарлардың бәсекелестігін арттыруға сеп болуы мүмкін, - дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. Үкімет отырысынан толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Биыл елімізде жыл соңына дейін отандық өндіруші компаниялардың бірыңғай реестрі жасалады. Онда тауар өндірушілер туралы ақпарат, шығарылатын өнім және оның көлемі, көрсетілетін қызмет түрлері және қызметкерлер саны туралы толық мәлімет қамтылады. Отандық реестрге енген кәсіпкерлер үкіметтен көмек және субсидия алатын болады. 

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ: «Ағымдағы жылы өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өсті. Оның ішінде қара және түсті металлургия, химия, машина жасау және жиһаз өндіру салалары артты. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салаларда оң серпін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізудің бірден бір тетігі - отандық өндірісті қолдау. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізбесі кеңейтілді. Офтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталды. Екіншіден, мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілді». 

Алайда, Үкімет басшысы Олжас Бектенов жалған кәсіпорындарды отандық өндірушілер тізбесіне енгізбеуді тапсырды. Қатаң қадағалау қажет деді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі болса, өндірушілер Қазақстанның шикізатын пайдаланып отыр ма, басқа отандық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істей ме? Оның барлығын жіті қадағалап, тексеретін боламыз деп сендірді. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанады. Біз қашанда өзіміздің отандық өндірушілерді қолдайтын боламыз. Бұл – әрбір әкімнің, әрбір министрдің міндеті. Біз бұл жайлы үнемі айтып жүреміз. Ол тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс. Импортты алмастыру жұмыстарын, оның ішінде офтейк-келісімшарттар арқылы жандандыра түсу қажет. Бұл отандық компанияларға өздерін алдағы бірнеше жылдар бойына тапсырыстармен қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді кеңейтуге және игеруге мүмкіндік береді».

Айта кетейік, Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдайтын жаңа тетіктер енгізуде. Жер қойнауын пайдаланушы компанияларға басымдық беріледі. Олар  үшін табиғи монополия субъектілері сатып алуларында отандық тауарларға 10 пайыз шартты жеңілдік жасалады. Сондай-ақ Самұрық Қазына сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк келісімшарттар жасасу мүмкіндігі беріледі.