"

Үндістанның Керала штатының оңтүстік-батысында Нипах вирусының бесінші кезеңі анықталды. Енді халық өлімге әкелетін вирустың таралуына жол бермеуде. Себебі, Кералада осы дерттен жақын арада 2 адам қаза болған.

Вирустың бесінші кезеңі белең алғаннан кейін, биліктегілер Кожикода ауданындағы мектептерді, университеттерді және мемлекеттік мекемелерді жапты. Дәрігерлердің бақылауында 2 ересек адам мен 1 бала бар. Ақ халаттылар індетті жұқтырғандардың контактілерін де анықтауда. Соңғы екі күнде 800-ге жуық адам тексерілген.

ВИНА ДЖОРДЖ КЕРАЛА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Біз 30 тамызда қайтыс болған бірінші марқұммен байланыста болғандардың барлығынан тест алдық. Сонымен қатар, ауру жұқтырған науқастар емделетін ауруханалардан медициналық комиссияны жинау қажет. Әр 12 сағат сайын денсаулық сақтау бөліміне медициналық қорытынды жіберілуі тиіс».

Нипах вирусы әдетте жеміс жейтін жарғанаттардың кейбір түрлері арасында таралады. Ол басқа жануарларға да, адамдарға да жұғуы мүмкін. Аурудың белгілері қызба, бас ауруы, жөтел және сананың шатасуы. Әзірге ауруды жеңетін вакциналар немесе дәрілер жоқ. Ауруханалар тек симптоматикалық ем жүргізеді. Ауру жұқтырғандардың 50-75 пайызы қайтыс болады. Тірі қалғандарда ұстама сияқты асқынулар болуы мүмкін. Ауру алғаш рет 1998 жылы Малайзияда анықталған. Кейінірек індет Сингапур, Үндістан және Бангладеште тіркелді. Барлығы қазірдің өзінде 700-ден астам жұқтырған адам қайтыс болды.