"

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы мен филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Элеонора Дүйсенқызы Сүлейменованың 80 жылдық мерейтойына орай бірқатар маңызды ғылыми-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы игі бастамалар жалғасын тауып, халықаралық деңгейге шығып отыр.

Академиктің ғылымдағы дара жолын жалғап келе жатқан шәкірттері — филология ғылымдарының докторы, доцент Мәншүк Құдайбергенқызы мен PhD докторы, Жанна Жалайырқызы АҚШ-тың астанасы Вашингтон қаласына арнайы сапармен барып, ұстаздарының іргелі еңбектерін әлемнің ең ірі рухани қазынасы Конгрес кітапханасына табыстады. Бұл — тек бір ұстаздың ғана емес, қазақ тіл білімінің жетістігін халықаралық деңгейде танытқан үлкен қадам. Шетелдік зиялы қауым өкілдері Элеонора Дүйсенқызының еңбектерін зор қызығушылықпен қабылдап ризашылықтарын білдірді. Ұлағатты ұстазымыздың еңбектері АҚШ Конгрес кітапханасының сөресінен орын алуы — біздің ғана емес, күллі қазақ ғылымы үшін үлкен мәртебе. Бұл — ұстаз еңбегіне көрсетілген шынайы құрметтің белгісі, — дейді Жанна Жалайырқызы.

ЖАННА ЖАЛАЙЫРҚЫЗЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ТҮРКІТАНУ ЖӘНЕ ТІЛ ТЕОРИЯСЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ, PhD ДОКТОРЫ

Бұл бастама — Қазақстан ғылымының халықаралық аренада танылуына, сондай-ақ қазақ тілі мен мәдениетінің жаһандық кеңістікте насихатталуына қосылған сүбелі үлес. Элеонора Дүйсенқызының бай ғылыми мұрасы әлі де талай буын ғалымдарға жол көрсетіп, болашақ зерттеулерге арқау болары сөзсіз.