Бюджет тәртібі ақсап тұр. Мәселен, биылдың өзінде Үкімет бюджетке 10 рет түзету енгізген. Сонда ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Осылай деп Ұлттық экономика министріне қарата депутаттар мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сын айтты. Алайда, жауапты ведомство басшысы «10 рет түзету енгіздік» деп өзін ерлік істегендей сезініп отырғандай.  

Мәжіліс депутаттары Үкіметке наразы. Оған себеп - бір емес бірнеше мәрте бюджетке енгізілген түзетулер. Депутаттың бұл сынын Мәжіліс төрағасы да қоштады. Депутаттардың айтуынша, биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 рет түзету енгізген. Бұл президенттің қоғамдық бақылау тұжырымына сәйкес келмейді-мыс. 

ЕРЛАН САЙЫРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Өздеріңіз қожа, өздеріңіз би – рақат! Сол өзгерістер аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ең негізгісі, түзетулер арқылы көп шығын қайта қаралған. Сол өзгерістер бойынша биыл қандай шығындар қысқарылды? Олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты. Ертең осы қысқарған ағдарламаларды бюджетке қайтадан депутаттарға кіргіз деп өтініш жасамасйыздар ма?»

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: «Жақында біз тағы да түзету енгіздік. Соның есебінен 370 млрд теңгеден астам ақшаны қайтадан құрылымын өзгерттік. Ең алдымен, экономикалық өсімге байланысты бағыттарға жібердік. Қазіргі бюджет заңнамасында ол құзірет бізде бар ғой. жаңа бюджет заңнамасында Парламент алдында есептілігіміз көрсетілген. Қандай да бір түзету енгізсек, алдарыңызға келіп, баяндаймыз».

Сондай-ақ депутаттар құрылыс құнының қымбаттап кеткеніне наразы. Олар құрылысқа қаражат көп жұмсалады, неге онда оның құнын төмендетпеске деген сауал жолдады, Өнеркәсіп және құрылыс министріне. 

ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Соңғы жылдары республикалық бюджетте үнемі қаражат тапшылығы байқалып келеді. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері кіріс бөлігін ұлғайту және шығыс бөлігін азайту бойынша жұмыс істеуі керек. Бірақ мұндай жұмыс байқалмай отыр. Менің ойымша, шығыс бөлігін азайтудың бір жолы – құрылыс жұмыстарының құнын төмендету. Құрылыс жұмыстары көбінесе шынайы бағамен салыстырғанда бірнеше есе арттырылған. Сіздің министрліктің құрылыс жұмыстарының есеп-қисаптары бойынша стандарттарға ревизия жүргізіп, оларды шынайы деңгейге дейін қайта қарай және сол арқылы бюджет қаражатын үнемдеу бойынша жоспарлар бар ма?»

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ  ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ: «Өте орынды сұрақ. Кешіріңіз, дауысым қарлығып тұр. Біздің осындай жоспарларымыз бар. Министрлік қаражатты үнемдеу үшін мемлекеттік сараптама жүргізіп, заманауи құрылыс әдістерін енгізіп жатыр».

Өз кезегінде жауапты министр осылай қысқа ғана қайырды. Онысын ол тамағының ауырып тұрғанымен байланыстырды. Сонымен қысқасы, бүгін жалпы отырыста мәжіліс 2024-2026 жылдардың республикалық бюджетін мақұлдады. Деседе олар, ұлттық қордан қаржы алуды шектеп, қайта жалпы ішкі өнімді арттыру жолын ойластыру туралы экономика министріне ұсыныс-тілектерін жеткізді.