Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама жеңіп алған 28 жастағы құзға өрмелеуден қазақстандық спорт шебері Әмір Маймұратов елге оралды.

Қазақстандық құзға өрмелеушілер командасы Алматыға бүгін таңға жуық келді. Оларды федерация өкілдері, жас спортшылары, дос-жарандары күтіп алды. 

Отандасымыз осыдан екі күн бұрын Венгрия астанасында өткен іріктеу сериясының  финалында  екінші орын иеленді. Оның қарсыластары Индонезия мен Қытайдың мықты спортшылары болды. Олардан басым түскен Әмір тынбай жаттығып, Олимпиададан алтынмен оралуды көздеп отыр. 

ӘМІР МАЙМҰРАТОВ СПОРТШЫ: «Қарсыластарым өте мықты болды. Мен бірінші орынға үміттендім, бірақ екінші орын алдым. Өзіме сенімді болсам да, тым асығыстық жасап, күшімді қате есептегендей болдым. Олимпиадада ел үмітін ақтаймын деп сенім білдірем. Енді жаттығуға қайта кірісем. Олимпиада ойындарында Қазақстанның әнұранын орындаймын деп үміттенемін».

Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының вице-президенті атап өткендей, қазір елімізде бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. 

БАҒЛАН ЖҮНІС АЛЬПИНИЗМ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ ҚҰЗҒА ӨРМЕЛЕУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: «Құзға өрмелеу осыдан бес жыл бұрын олимпиадалық спорт түріне айналды. Біз альпинизм мен құзға өрмелеу мектебіміздің әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін дәлелдей алдық. Жартасқа өрмелеу альпинизмнен бөлек спорт түрі ретінде қазір осы формада дамып келеді. Бұл көптеген жастарды тартады. Альпинизм федерациясы әлемдік стандарттарға сай орталықтар құруды көздеп отыр».

Елде құзға өрмелеумен 5 мыңнан астам адам айналысады.