Туыстары мен таныстарына негізсіз, жалған жалақы жазып алған «Өзенмұнайгаз» басшылығына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Аталмыш іс бірнеше сыбайластан және бірнеше эпизодтан тұрады. Келтірілген шығын көлемі де үлкен. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді деді Қаржы мониторинг агенттігінің реси өкілі Әлібек Әбділов.
ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Тергеу барысында «ӨМГ» АҚ бас директоры орынбасары Б.Мамбетсапаевтың әрекеті іс жүзінде жұмыс істемейтін және негізсіз жалақы алған таныстарын жалған жұмысқа тарту арқылы қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану деп сараланды. «ӨМГ» АҚ бас директорының тағы бір бұрынғы орынбасары Е.Карамурзаевқа ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша заңсыз тендер өткізу арқылы, сатып алуға қатысқан басқа қатысушылардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, жекелеген компаниялардың мүдделерін қорғады деген айып тағылды. Келтірілген шығын көлемі 623 млн теңге. Сонымен қатар, алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған 294 млн теңгені жымқырып, талан-таражға салған «ӨМГ» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасы директоры мен жеткізушіге айып тағылды. Барлық қылмыстық істер сотқа жолданды».