Алматы қаласында 2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның 5409 зертханалық расталған жағдайы тіркелген болатын. Балалар арасында аурудың белең алуы негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен болып тұр. Сондай-ақ вакцинациядан медициналық босату және егу жасына жетпеу салдарынан тіркелуде. Қызылша – адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады.
ЖАЙДАРКУЛ АСҚАНҚЫЗЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ АСА ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫ ЖӘНЕ ТУБЕРКУЛЕЗДІ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «2023 жылғы 10 қараша мен 2024 жылғы 11 ақпан аралығында қалада қызылша, қызамық, паротитке қарсы қосымша жаппай иммундауға (бұдан әрі – қызылшаға қарсы ҚЖИ) шеңберінде барлығы 156 305 адам қамтылды, оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 12 149 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 77 601, медицина қызметкерлері – 8676 және басқа жастағы бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған (вакцинация курсы толық емес) толықтыра иммундау бойынша 57 879 бала».
Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Қазіргі уақытта қалада қызылша, қызамық және паротитке қарсы жеткілікті мөлшерде вакцина бар. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес нысаналы топтағы балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы иммундау жалғасуда. Мамандар аурудың белгілері пайда болған кезде қағидаларды қатаң түрде сақтауды талап етеді. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз!