Алматы облысында киокушинкай-кан каратэ спортынан балалар мен жасөспірімдер арасында «БАТЫРБАЛА - 2024» дәстүрлі турнирі жоғары дәрежеде сегізінші мәрте өткізілді. Сондай-ақ, Ұлттық Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерация Алматы облысы филиалының Президенті болып қоғам қайраткері,Қарасай аудандық мәслихатының төрағасы– Айнабеков Бауыржан Бақтыбайұлы тағайындалды. Толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Республикалық ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Нұртайұлы өз сөзінде жаңа қызметке тағайындалған Бауыржан Бақтыбайұлына өз сенімін білдіріп, алдағы уақыттарға сәттілік тіледі.

ОМАРХАН ӨКСІКБАЕВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Бүгін біз Алматы облысының филиалын ашып және оның басшысын сайладық. Сол жаңа басшысы Бауыржан Бақытбайұлына сәттілік тілегім келеді. Ертеңгісін осы жақтағы игі шаралардың ұлкен бір жетістіктерін көргім келеді».

Осыдан 10 жыл бұрын «Батыр бала» деген атпен аудандық деңгейде өткізілген киокушинкай-кан каратэ спорты қазір Халықаралық деңгейге жетті. Бұл спорт түріне қызығушылық танытып, әртүрлі жарыстарда бақ сынап жүрген спортшылардың саны да күннен күнге өсіп келеді дейді федерация президенті. 

ОМАРХАН ӨКСІКБАЕВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Бұл нені білдіреді? Бұл – біздің жастардың, әсіресе, мектеп жасындағы балалардың осы спортқа құлшынысын және спорт арқылы өздерін дамытып, спортпенен өзінің денесін шынықтырып, үлкен өзіне үлгілі өмірді көрсетіп отқанын танытады».
  
Мәртебелі турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан сынды мемлекеттерден келген 300-ден астам каратэші  жауынгерлік рух пен кемелдену жолына түсуге ұмтылыстарын көрсетті. 

РАХМАН ҚУАНЫШҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Осы жарысымыздың мақсаты – жастар арасында қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау. Жасөспірім балаларды денешынықтыру және спортқа тарту. Бүгінгі жарыстың жоғары деңгейде өтіп жатқанына ат салысып жатқан каратэ киокушинкай-кан федерациясына және жергілікті Қарасай ауданының әкімдігіне алғыс білдіреміз. Осындай жарыстарды көптен ұйымдастыру арқылы біз өзіміздің жас спортшыларымыздың шеберлігін шыңдай түсеміз және олардың болашақта үлкен жетістікке жетуіне үлкен көмегін тигізеді».

Командалық есепте Алматы қаласының өкілдері 1 орынды иеленді. Олардың еншісінде 10 алтын, 4 күміс және 6 қола жүлде бар. 2-ші құрметті орынды Ұлытау өңірінің каратэшілері жеңіп алды. Осы халықаралық чемпионаттың жетекші үш командасын Жетісу өңірінің спорт секцияларының студенттері түйіндеп отыр.