Қызылордада елдің ғылымы мен экономикасына серпін беретін маңызды жиын өтті. Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысында Арал тағдыры, су тапшылығы және ауыл шаруашылығын құтқаратын ауқымды жобалар таныстырылды. Ең бастысы – Қазақстанда алғаш рет су ресурстарын жасанды интеллект арқылы басқаратын «DeepBas» жүйесі іске қосылмақ.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жоба Сырдария мен Арал бассейніндегі су тапшылығын бақылап, нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Жүйе жерасты суларының қорын анықтап, құрғақшылық қаупін алдын ала болжай алады.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылымды енді тек зерттеу емес, нақты нәтиже беретін күшке айналдыру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, ғылыми жобаларға бизнес өкілдері де тікелей қатысады. Яғни, ғылым енді қағаз жүзінде қалмай, өндіріске енгізіледі.

Жиында Қызылорда өңірі үшін ең өзекті мәселелер көтерілді:

— Арал теңізінің экологиялық ахуалы
— Су тапшылығы
— Тұзданған жерлерді қалпына келтіру
— Құрғақшылыққа төзімді дақылдар өсіру
— Күріш шаруашылығын дамыту
— Минералды шикізатты терең өңдеу
— Ауыл шаруашылығына биотехнология енгізу

Сондай-ақ ғалымдар облыс кәсіпкерлеріне дайын инновациялық жобаларын көрсетті. Көрмеде өндіріс пен ауыл шаруашылығына енгізуге болатын жаңа технологиялар таныстырылды.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап Арал–Сырдария бассейнінде 5 жылдық мегажоба басталмақ. Сарапшылар бұл бастама өңірдегі су мәселесін шешуге және экологиялық жағдайды жақсартуға үлкен мүмкіндік береді деп отыр.

Жиын соңында Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытуға арналған арнайы бірлескен жоспар әзірленетіні белгілі болды.