Астанада мектеп тапшылығы проблемасы тек 2035 жылы ғана толықтай шешіледі. Бұл туралы қалалық білім басқарамасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты. Биыл бас қалада 25 білім беретін нысан ашылады. Оның 7-уі мемлекеттік болса, 15-і жайлы мектеп және 3-уі жекеменшік білім ордасы. Ал, алдағы 4 жылда барлығы 200 мыңға жуық орынға арналған 80 мектепті салу жоспарда бар деді басқарма басшысы. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер проблемасы түбегейлі шешілмек. Ал, бірақ сол мектепке келген оқушыларға білім беретін мұғалім тапшы.
ҚАСЫМХАН СЕНҒАЗЫЕВ АСТАНА ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Жыл сайын мектеп оқушылары санының өсуіне байланысты қалада 2026-2027 оқу жылына қарай 5 мың мұғалімге қажеттілік туындайды. Кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға 1 000 орынға мемлекеттік тапсырыс беріліп келеді».