-"

Ақмола облысындағы мектептерде бұрын сотты болған азаматтар жұмыс істеген. Мұны облыстық прокуратура кешенді тексеру кезінде анықтады. Санитарлық және өрт қауіпсіздігі бойынша да кемшіліктер көп. Барлығы 200-ден астам заңбұзушылық тіркелді. Аймақтағы 40 мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің кәсіби біліктілігі де талапқа сай болмаған. Ал шалғай жатқан ауылда орналасқан білім ордасының жертөлесінде оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жауынгерлік қару-жарақтармен оқу атыстары жүргізілген. Қазіргі таңда аталған заң бұзушылықтар бойынша 41 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

МАҚСАТ СҰРАҒАНОВ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: «Тексеріс барысында буллинг фактілері де анықталды. Оны бастаған балалар есепке алынды. Сондай-ақ, кейбір мектептерде жұмыс істемейтін мұғалімдерге заңсыз жалақы төленіп келген. Мысалы, қалалық білім ордаларының бірінде директордың орынбасары туысын ресми түрде жұмысқа орналастырып, кейін оның еңбекақысын ай сайын өзі алып отырған. Қазіргі таңда жымқыру, құжаттарды қолдан жасау және басқа да фактілер бойынша 19 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды».