Ақмола облысы Щучинск қаласындағы жанар –жағармай құю бекетерінің бірінде жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылды. Toyota Land Cruiser 200 маркалы көліктің жүргізушісі көлігін дұрыс қоймай, жол бергісі келмеген. Ал жедел жәрдем бригадасы кезекті шақыртуға асығып тұрған. Арада жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан.
Жол талғамайтын көлік иесінен таяқ жеген 57 жастағы жедел жәрдем жүргізушісі жарақатына қарамастан, шақыртуға барған. Қазір жағдайы қалыпты, дегенмен де көңіл-күйі жоқ,-дейді әріптестері.
САПУРА БАТЫРБЕКОВА, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біздің жүргізуші қатты жарақат алды. Басында және бетінде ісік пайда болды. Соған қарамастан ол шақыруға барып, ауру адамды ауруханаға жеткізді».
Полицейлер күдіктіні жедел іздестіріп, оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
ГҮЛНӘР ПИНЧУК АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Күдікті Щучинск қаласының 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта қылмыстық тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, сараптама тағайындалуда».
Дәл осыған ұқсас жағдай жуырда Қарағанды облысында орын алып, қоғам тарапынан үлкен резонанс туғызған еді.