Ақмола облысында тасқын судың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы тәулікте елорданың іргесіндегі Аршалы ауданының аумағынан 13 мың текше метрден астам су сорылды. Ал, Жібек Жолы ауылында түнгі уақытта су деңгейін қадағалап отыру үшін мобильдік бекеттер құрылған. Целиноград ауданында құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері тәулік бойы кезекшілік атқаруда. 

Жібек жолы елдімекенінде 15 үй су астында қалуы мүмкін. Төтенше жағдайға байланысты  120-ға жуық адам мен 35 техника жұмыс істеп тұр. Есіл өзенінің жағасындағы бөгетті нығайту мақсатында құм салынған 800 қап төселген. 

ЕРЖАН ЖОЛЫМБЕТОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АРШАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осы күні су деңгейінің төмендегені байқалады. Аршалы ауданының әкімдігі наурыздың 20-нан бері қажетті шараларды қолданып жатыр. Жағдай бақылауымызда». 

Аршалы, Жібек жолы, Жалтыркөл, Елтоқ және Константиновка ауылдары су басу қаупі жоғары аймақ деп танылған. Целиноград ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. 55 техника, 70-тен астам мотопомпа дайын. Аудан аумағынан 4 мың текше метр қар шығарылған. 

ТАЛАПТАН ДАУЫЛТАЕВ ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
 «Қараөткел ауылы бойынша 125 мың текше метр қар шығарылды. Полигонға. Облыс бойынша 17 әскер келді. 10 мотопомпа алып келіп қойдық. Кеше Астана қаласынан келді мчсниктер.Үйдің ішіне су кеткен жағдай жоқ. Аулалардың ішіне су толып жатыр. тек қана соларды шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр».