Ақтауда билік ауыз суды үнемдеудің ерекше жолын тапқан. Яғни қаладағы көлік жуу орталықтары мен көгалдарды суару жұмыстарына шектеу қойған. Сол арқылы судан тарыққан тұрғындардың мәселесін шешуді көздепті. Осылайша, енді Ақтаудағы көлік жуу орындары кез-келген уақытта көлік жуа алмайды. Тек су жию резервуарларын толтырып үлгергендері ғана болмаса, белгілі бір уақыт аралығында су тоқтайды. Жаз басталғанда ақтаулықтар тіршілік нәрінен тарығатыны үйреншікті жағдайға айналған. Аптап ыстықта сусыз отырған халық түйіткілдің түйінін шешіп беруді жылда сұрайды. Алайда мәселе күннен күнге күрделеніп бара жатыр. Су беріп тұрған МАЭК кәсіпорыны теңіз суының температурасы күрт ысып кетуіне байланысты тіршілік нәрін тұтынушыларға жеткізіп беруге үлгермей жатқан көрінеді.
ВЛАДИМИР ВАСИЛЬЕВ "МАЭК" ЖШС ПАЙДАЛАНУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Орталық сумен жабдықтау торабтарындағы ауыз су деңгейін тұрақтандыру қажет. Сондықтан көлік жуу орталық иелерін жағдайға түсіністікпен қарап, жұмыс уақытын шектеуді сұраймыз. Сондай-ақ, қалада жасыл-желекті суаруды азайту қажет. Бұл шаралар уақытша. Алайда осылай жасауға мәжбүрміз.»