Ақтау қаласында спортшы Валерия Шальнованың ісіне қатысты сот процесі аяқталды.Ақыры көптен күткен қылмыстық іске нүкте қойылды. Жас қызды айуандықпен өлтірген өзінің танысы 22 жылға сотталды.
Бұл дерек 9 ай бойы қоғамдық толқу тудырған еді. 21 жастағы спортшы қыздың өлімі, өткен жылы орын алып,жаға ұстатқан болатын. Оның денесі «МАЭК» су арнасы маңынан табылды. Айтулы жағдайдан кейін марқұмның жігіті бірден күдікке ілінді. Ол бойжеткеннің дәрменсіз күйін пайдаланып ұрып-соғып, азғындық жасаған. Қылмысын жасыру үшін қызды тұншықтырып, суға тастаған.
СВЕТЛАНА ШАЛЬНОВА МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ: «Сот үкім шығарды. Істі әділ қарады және объективті үкім шығарды. 22 жыл мерзімге кесті. Шешімге қанағаттанамын. Мұның бәрі көңілге демеу ғана. Қыршыннан қиылған қызымды қайтара алмаймын. Сол жаныма батады».
Сотталушы ҚР ҚК 99-бабы "Кісі өлтіру" және 121-бабы "сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша кінәлі деп танылды.
АЖАР ӘБДІЛ ҚОРҒАУШЫ: «Айыпталушы сотта өзін еркін ұстады. Ол жасаған қылмысын мойындамады. Үкіммен келіспейтінін айтты. Менің ойымша, олар аппеляциялық шағым түсіреді. Сот шешімінің күшіне енуіне әлі 15 күн бар».
Бастапқыда полицейлер қылмыстық істі "Суицидке дейін жеткізу" бабы бойынша қараған. Қоғамдық толқудан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық істің баптарын өзгертті. Сотталушының кінәсі куәгерлердің сөзімен, заттай айғақтармен, сараптамалардың қорытындысымен дәлелденген болатын.