Ақтауда «Күміс университеті» жобасы аясында егде жастағы адамдарды оқыту басталды. Зейнеткерлер жергілікті жоғарғы оқу орнында білімдерін шыңдауда. Қазірдің өзінде мекемеге жетпістен аса адам жазылып, жаңа саланы игеруге ниет білдірген.
83 жастағы Түркменбай Қокенбаев алғашқылардың бірі болып жоғары оқу орнының студенті атанды. Оқуды тәмамдаған соң қария экскурсия жетекшісі атанады. Ұзақ жылдар бойы дәрігер болып қызмет еткен зейнеткер, Маңғыстау өңіріндегі аудан-қалалардың барлығында болғанын және барлық тарихи орындардан хабары бар екенін тілге тиек етті.
ТҮРКМЕНБАЙ ҚОКЕНБАЕВ АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ақтау - ақ қалаға келетіндер көп. Үлкен кісілер болуы мүмкін. Сосын сол үлкен кісілерге Маңғыстаудың, аспан асты мұражайын түсіндіру, көрсету, басқада жер асты мешіттері бар, басқа да көретін жерлер бар. Соған енді өзіміздің білгенімізді айтып, соған көмектесеміз».
Жобаның алғашқы курсы модульды жүйе негізінде оқытылады. Бағдарлама аясында ағылшын тілі және экскурсия жетекшісі мамандығы үйретіледі. Ал профессорлар мен ғылым кандидаттары аймақтың табиғи ерекшелігін түсіндіріп, киелі жерлер туралы мол мағлұмат береді.
БИБІАЙША НҰРДӘУЛЕТОВА ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:«Мен өзімнің сабағымда жалпы сакралдық деген не? Жалпы Маңғыстау несімен сакралды? Маңғыстаудағы жер асты мешіттері, Маңғыстаудағы көптеген ежелгі заманнан келе жатқан таңбалар бар,мынау жерлеу орындарындағы жазулар бар. Міне, осылардың мағынасын, мәнін түсіндірдім. Осы меститизм, татемизм, анемизм, шаманизм сияқты ежелгі түсініктердің іздері Маңғыстаудан табылады».
Маңғыстау аймағында экскурсия жетекшісіне сұраныс жоғары. Себебі, облыста жыл сайын туристер саны артып келеді. Былтыр қазан айына дейін өңірге 325 мыңнан астам турист келген.
ГҮЛСІМ ЖАРИЕВА ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Куәлік алып, жаңа мамандықты меңгергендердің арасында зейнеткерлер көп. Олардың өмірлік тәжірбиесі мол, өте білімді. Екі үш тілде еркін сөйлейді. Аймақ тарихын да жетік біледі. Сондықтан туристерді аймаққа көптеп тартуға олардың көмегі тиеді деп ойлаймын».
Үш айлық курстың соңында Күміс университетінің түлектері сертификаттар алып, Маңғыстау облысының туризм басқармасымен меморандум аясында өңірге демалысқа келетін туристер үшін экскурсовод ретінде жұмысқа орналасады.