Ақтау қаласында орналасқан "Өрнек" тұрғын үй кешенінің тұрғындарының сөзінше пәтер иелері кооперативі жұмысына жұмсақ, міндетке үн қатпайды. Бүгін тұрғындар осы тақырыпта мәселе көтерді.
Бұл Ақтау қаласында орналасқан 31-Б шағын ауданы. Тұрғындардың қоныстанғанына биыл 7 жыл. Қоныс деген аты болмаса, қопарылып жатқан мәселе шаш етектен. Себебі, пәтерлер қолға өткелі жөндеу көрмеген. Маңызды мәселенің бірі - ауыз судың қысымы. Мәселені өзара шешпек болып, тұрғындар арнайы сорғы сатып алған. Бірақ, одан еш нәтиже болмаған.
ЗАҒИЯШ ЖҮНІСОВА ТҰРҒЫН: "Мен бұл үйде 2019 жылдан бері тұрып келем. Сол жылдан бері бұл жерде ремонт көрген жоқпын. Әрлеу, жөндеу сияқты жұмыстар мүлдем болған жоқ. Ең кішісі подьездге лампочка қойылмады. Оны өзіміз қоямыз. Сосын подьездің төбесі түсіп жатыр. Сондай-ақ бізде 5 қабатқа су көтерілмейді. Су жарты сағат келсе, 2 сағат болмайды. Енді соның бәрін жөндеу үшін Шапханов Дәуітке барсақ та еш нәтиже шығара алмадық".
Тілге тиек етілген пәтер иелері кооперативінің басшысының сөзінше былтыр көктемде жөндеу жүргізілген. Ендігі жағдайдың мәселесін тұрғындармен өзара шешеміз деп сендірді.
ДӘУІТ ШАПҚАНОВ ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВІНІҢ БАСШЫСЫ: "Қазіргі уақытта 4-5 қабатқа су барып тұр. Жиналыстың қорытындысы бойынша тұрғындардың айтуы бойынша кешке таман судың қысымы төмендеп кетеді. Ол мәселе бойынша біз КЖСА ға хатпен шығамыз, барамыз, сол мәселені шешуге жұмыстанамыз. Тұрғындар жиналыста біраз мәселе көтерді. Соның бірі подьездің жөндеу жұмысы. Оған жауап қыс мезгілі біткесін сәуір айында ремонт жасауға дайын боламыз".
Басшылық тұрғындарға барлық мәселенің шешілетінін айтып, жұмыс легін түсіндірді. Ендігі уақытқа айтылған сөздің атылған оқтай орындалуы қалды.