Ақтау қаласында араға бірнеше жыл салып, сарыла күткен мұз айдынының құрылысы тоқтады. Әкімдік “нысанды салып береміз” деген мердігерді сотқа беріп тынды. Себебі жауапты компания әуелі баста бөлінген қаржының үстіне тағы да қосымша ақша сұрапты. Ал мәнерлеп сырғанау мен хоккей ойнымен шұғылданатындар, ойын-сауық орталығындағы шағын мұз үстіне барып дайындалады. Оның да шығыны шаш етектен.
Қысқы спорт түрімен шұғылданатын балалардың ата-аналары ай сайын қалталарынан 500 мыңға жуық қаражат төлеуге мәжбүр. Бұл тек мұз үстінде жаттығу жасауға ғана кететін шығын. Ата-аналар жергілікті әкімдік пен спорт басқармасы тарапынан түк қолдау жоқтығын айтады. Сонымен қатар, мұз айдынын жалға алу үшін де амалдың жоқтығынан өздері федерация құрып алған.
ЭЛЬНАРА САБИРОВА АТА-АНА Бұл спорттың барлық шығыны ата-аналардың мойнында. Тіпті, бапкердің де жағдайын біз жасаймыз. Әкімдік пен спорт басшылары қайда қарап отыр? Бапкерге айлық бере алмайды, оған көндік. Тым болмаса балаларымызға жаттығу жасайтын тегін бір зал тауып бере алмайды.
ЖАНАТ ОРАЗАЛИЕВА АТА-АНА Осы катокқа келгенімізге 6 жылдан асып бара жатыр. Қазіргі таңда менің балама 150 мыңнан астам ақша кетіп отыр. Айына катокқа 50 мың төленеді. Индивидуалкаға 80 мыңнан аса ақша кетеді. ОФП-мыз бар, хареографиямыз бар. Сонымен 150,160,170 мың теңгеміз кетіп қалады.
Жалпы облыста мәнерлеп сырғанау федерациясына 30-дан аса спортшы тіркелген. Олар жаттығу жасау үшін ойын-сауық орталығындағы аядай ғана мұз алаңына барады. Ол жерде уақыт шектеулі және мұз алаңы тар көрінеді.
АЛЕНА ПОНКРАТОВА МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ Біздің спортшылар Республикалық, халықаралық жарысқа барғанда абдырап қалады. Себебі, ондағы мұз айдыны біздің жаттығу жасап жүрген шағын алаңнан 6-7 есеге үлкен. Соған қарамастан спортшыларымыз нәтиже беруге тырысады. Мұз айдынын айтпағанда қарапайым жаттығу жасап, хореографиялық қойылым қою үшін де зал керек. Осы балаларға жағдай жасалса, әлдеқайда ірі жеңістерге жетуге болар еді.
Жергілікті билік қысқы спортты дамытуға ниетті. Осыдан 5 жыл бұрын Чехиялық компаниямен келісімшарт жасаған. Жоба құны 4 млрд 600 млн-ға бағаланған. Алайда, мердігер осы уақыт ішінде міндетін толық орындамапты. Сағызша созылған құрылыс қазір тоқтап тұр.
МАҚСАТ МҰҚАШ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ Сөйтіп жүргенде бұл кісілер 2021 жылы бұрыңғы құрылыстың 4 млрд 600 млн теңгенің үстіне 270 млн теңге қосымша қаржы сұрады. Себебі, бастапқы төленген сумманың көлемі аз. Қазір құрылыс материалдарының бағасы қымбат деген желеумен.
Спорт басқармасына жаңадан келген басшы, алдағы уақытта қысқы спортты серік еткендерге қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, келер жылы Жаңаөзен қаласында ангар типінде мұз алаңы ашылады. Ал орталықтағы нысанның тағдырын алда сот шешеді.