Қазақстандық балалар ұлттық қордан өздеріне тиесілі алғашқы төлемдерді ала бастады. Қор қаржысы тек екі жағдайда төленеді. Ол ақша тұрғын үй жағдайын жақсартуға және балалардың білім ақысын төлеуге беріледі. Осы мақсатта қаржы алуға 16,6 мың қазақстандық өтінім берген. Оның 13 мыңына ақша аударылды. Ол шамамен 1,3 млн долларды құрайды деп хабарлайды Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жыл сайын ұлттық қордың инвестициялардан түскен табысының 50 пайызы кәмелеттік жасқа (18 жас) толмаған балалардың жинақтау шоттарына аударылып отырады. 

ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
«Ағымдағы жылы 18 жасқа толған балаларға 100,05 доллар төлемақы есептелді. Былтырғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 18 жасқа толмаған 6,9 млн бала бар. Оларға жіберілген аударымдардың көлемін egov.kz онлайн-платформасы немесе enpf.kz сайты арқылы білуге болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдеге дейін қазақстандықтар білім беру ақысын төлеуге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға 16,6 мың өтінім берген. Оның ішінде 13 мыңға жуық өтінім жалпы көлемі 1,3 млн долларға орындалды».