"
Еліміздің батысында төрт аяқты жануардан жапа шеккендер көбейіп барады. Малға шапқан бұралқы иттер қаланың да, даланың да тұрғындарын әуреге салуда. Толығарақ тілші материалында.
Елдің мазасын қашырған аш иттер талаған мал союға да келмейді. Себебі терісін сыпырып, алқымдап тастаған төрт түліктің етін жейміз деп ауру жұқтырамыз ба деп қауіптенеді халық. Түз тағысына айналған бұралқылар қой-ешкіні қойып, сиыр малына да шабатын болыпты. Қораны қарауылдап, есігін берік қып бекітіп қойғанымен енді иттер адамға шаба ма деп зәре құттары қашып отыр. Әсіресе мектепке баратын балалар үшін уайымдайды тұрғындар.
БАҚЫТЖАН ШӘКІРАТ ВОЛОДАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Иттерді ату керек. Балаларға шапса, жеп қояды. Азын аулақ малымыз бар, сыртқа шығарсақ ит қуып кетеді».
Ауыл әкімі малға шапқан қасқыр емес, қаңғырған аш иттер екенін растады. Төрт аяқтыларды аулап жатыр. Бірақ қауіп сейілер емес.
МӘЛІК СЕЙІТОВ ТРЕКИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «Округ бойынша, бұралқы ит мәселесі көп. Бізге саябақтар жақын. Жаз мезгілінде күшіктерді алып келіп, тастап кетеді. Иттер ауылға келеді. Бұл жұмысты ветеринарлық станциямен атқарып жатырмыз».
Жеті қазынаның бірі дейтін иттің адамға жауығуына оларды асырап, кейін қаңғыртып жіберген тұрғындар кінәлі дейді шарасыз күйге түсіп, дүрліккен бұқара.