Батыс Қазақстан облысында қызылша дерті өршіп, эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады. Жыл басынан бері 200-ге жуық науқас тіркелген. Бұған пандемия кезінде бұқаралық иммунитеттің төмендеуі мен қызылшаға қарсы екпе егудің бәсеңдеуі, қадағалаудың әлсіреуі әсер еткен. Осы орайда аймақта қосымша егу шаралары басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өңірдің бас санитар дәрігері мәлімдеді.

Науқастардың дені – екпе алмаған балалар. Мектеп, балабақшаларда аурудың 40-қа жуық дерегі анықталған. Мамандар жұқпалы ауру белгісі байқалған бойда өз бетімен емделмей, дәрігерге қаралуға кеңес береді. Өңірде жаппай иммундау науқаны басталды. Емханалардың барлығында ауруға қарсы екпе жасау басталды.

МҰХАМҒАЛИ  АРЫСПАЕВ БҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Ауру көбіне қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында тіркелген. Екпе алмаудың негізгі себебі ата – аналардың вакцинадан бас тартуы, денсаулықтарына байланысты медициналық қарсы көрсеткіштердің болуынан және баланың екпе қабылдау жасына жетпеуі екен. Яғни бір жасқа дейінгі балалар арасында көп тіркеліп отыр. Қызылшаның арнайы емі жоқ, тек екпе алу арқылы ғана қызылшадан қорғануға болатынын тұрғындардың есіне саламыз,- дейді №1-ші қалалық емхана дәрігері. Емханада тіркелген тұрғындар арасында бүгінге дейін ауру жұқтырған 7 науқас тіркелсе, оның дені- балалар. Сонымен қатар жүкті келіншектер де бар көрінеді.

ЗЕМФИРА ҚОЙШЫБАЕВА ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ №1-ШІ ЕМХАНАНЫҢ ЭПИДЕМИОЛОГІ

Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері қызылшаға қарсы екпе науқанын бастау жөнінде арнайы қаулы шығарды. Енді қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6 және 11 айлық сәбилерге, ал желтоқсаннан бастап 2 және 4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау жасалады. Вакцинаның бұл түрі барлық адамға тегін.