"

Бишімбаев сотынан хабар таратқан журналистер жазаланды. Бұған дейінгі аты шулы сот отырысынан сюжет жасаған отандық телеарналардың бірі алқа билердің түрін көрсетті, алайда оларды көрсетпеу керектігі қатаң ескертілген болатын дейді судья. Сот ол арнаны анықтап, ескерту түрінде жаза тағайындады.

Алғашында, журналистерді сот залына қатыстыру не қатыстырмау жайында мәселе талқыланды. Айыптау тарапы, жәбірленуші тарап та бұған қарсылық білдірмеді,  бірақ Бишімбаевтың адвокаты журналистердің сот залына кіруіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Екінші сотталушы Байжанов журналистерді кіргізуге қарсылық білдірмеген еді. Нәтижесінде, судья сот залына журналистерді кіргізу жөнінде шешім қабылдады.

Бүгін сотта Бишімбаевтың телефонына қатысты өтінішхат қаралды. Тергеу кезінде ҰҚК мамандары оның телефонының парольін аша алмай қойған. Ал, Бишімбаевтың өзі болса судьяға телефонның паролін беруден бас тартады, оны тек адвокаттары сотта оқысын деп талап етеді. Айтуынша, телефонында оның кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар бар. 

ЕРЛАН ҒАЗЫМЖАНОВ АДВОКАТ: «Сотталушы Бишимбаев телефонда қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру және қинау айыптауын жоққа шығаратын дәлелдер бар екенін айтты. Біз құпиясөзді сотқа берсек, қандай да бір түзету мен өзгеріс енгізіледі деп сескенеміз. Соған байланысты Бишімбаевтың телефонын өзіміз ашып, іс материалдары зерттелген соң құпиясөзді сотқа бере аламыз».

АЙЖАН ҚҰЛБАЕВА СУДЬЯ:  «Ұялы телефон заттай дәлел ретінде танылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында ҚР ҰҚК бесінші қызметінің 12-ші департаменті телефонға зерттеу жүргізді. Телефонда 6 таңбалы код пароль орнатылған әрі код-парольді қолда бар техникалық құралдармен айналып өту мүмкін болмады деген қорытынды берілді».

Телефонға қатысты Бишимбаевтың адвокаттарының өтінішхатын судья қабылдамады. Бұл атышулы сот процесі алда тағы жалғасатын болады. Алатау тв телеарнасының тілшілері тақырыпты назарда ұстайды.