Экс-министрге қатысты атышулы сот процесі бүгін қайта жалғасты. Жоспар бойынша бүгін жарыссөз өтуі керек еді. Сот отырысы сағат 10:00-ге жоспарланған болатын. Алайда, конвойлармен туындаған мәселеге байланысты Бишімбаев пен Байжанов сот залына уақытына жеткізілмеді. Сондықтан, сот отырысын түстен кейінге қалдырды. Алайда, жарыссөз тағы болмады. Себебі, прокурорлар Байжановқа қатысты тағылған айыпты өзгертуді сұрады. Олар Бишімбаевтың туысы Байжанов марқұм Салтанат Нүкенованың қайтыс болғанын білді, біле тұра аса ауыр қылмысты жасырды деп отыр.
САЯХАТ НҰРБЕК МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ: «Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған еді. Олар: 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау). Айыптау тарапы Байжановқа қатысты қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша айыптаудан бас тартады. Байжановқа қатысты қылмыстық істі қарау Қылмыстық кодекстің 432-бабында (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) көрсетілген қылмыс жасады деген айыптау бойынша қаралады».
Енді Байжановқа қатысты айыптаудың жаңа тұжырымы қабылданатын болады. Осыған байланысты сот отырысы 2 мамырға шегерілді.