Білім - ұлттық тәрбиемен ұштасқанда ғана сапалы болмақ. Ұлттық  адами құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жыл басынан бері барлық білім ошақтарында жүзеге асырылуда.

Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы. Алматы қаласындағы №149 жалпы білім беретін мектепте мұғалімдер осы қанатты қағиданы ту еткен. Білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілгелі  мұғалімдер балаға сапалы білім ғана беріп қоймай, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені қоса сіңіруде.

ГҮЛНАР БАЗАРБАЕВА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ АЛАТАУ АУДАНДЫҚ  №149 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Жаңартылған  әдісті пайдалана бастаған білім ошағында балалардың жан-жақты білім алып, саналы тәрбиемен сусындауына   барлық жағдай жасалған.  Оқушылар сабақтан тыс уақытта тоғызқұмалақ,  асық ойнап, зергерлік бұйымдар жасап, тігін тігумен айналысады. Өнерге қызығушылығы бар  балалар арнайы маманнан   актерлік шеберлік дәрісін алып, мың бұрала би билеп,  түрлі аспаптарды меңгеруде.   Бойына рухани құндылықты, ұлттық мүддені сіңірген оқушы қашанда отанын, елін отбасын сүйетіні анық.

МАРХАБАТ ҚАДЫРБЕКҚЫЗЫ ҰСТАЗ  

Бүгінгі ұрпақ терең ойлы, зерек, зерделі болуы тиіс. Әйтпегенде білім саласының жаңалықтарын меңгеріп үлгермес. Мектепте шахмат және  робототехника үйірмелері  қосылғалы балалардың білсем, үйренсем деген қызығушылықтары оянған.  Бала  денсаулығының дұрыс болуы үшін мұнда жүзу бассейні де жұмыс жасайды.