Бір жылдың ішінде онкологиялық ауруға шалдыққан ақмолалықтардың саны он мыңға жеткен. Дегенмен аталмыш дерттен көз жұмғандар саны азайып келеді. Басты себеп, дәрігерлер жүргізіп отырған ауруды алдын ала анықтау шаралары.
Өткен жылы 2000 жуық өңір тұрғыны қатерлі ісік індетіне шалдыққан. Бұл соңғы 20 жылда болмаған көрсеткіш. Әсіресе, сүт безі обырына ұрынғандар өте көп. Мәселені біржақты етіп, науқастарға паллиативтік көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында жеті мобильді бригада құрылған.
БОЛАТ ӘБІШЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС ОНКОЛОГ ДӘРІГЕРІ: «2022 жылға қарағанда өткен жылы ауруды соңғы кезеңде анықтау көрсеткіші 20 процентке төмендеді. Ал, онкология дертін нөлінші, бірінші кезеңінде, яғни, ерте анықтау 17 процетке жоғарылады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Әрине, жақсы нәтижеге қол жеткізудің бірден бір себебі уақытылы өткізілетін скринингтер. Бізде ең маңызды үш скрининг бар. Ол сүт безі обыры, жатыр мойыны және тік ішек обыры. Өткен жылы 115 мың адам осы скринингтерден өткен. Нәтижесінде, біз жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз».
Онкологияны жеңіп шыққан жандардың бірі – Целиноград ауданының тұрғыны Светлана Нефельд. Ол елуден асқан шағында денсаулығының сыр бере бастағанын байқайды. Уақыт созбай, дәрігерлерге қаралып, қажетті тексерістен өткен.
СВЕТЛАНА НЕФЕЛЬД ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Менде онкологияның жеңіл түрі болды. Сондықтан, сәуле арқылы емдеді. Көп ұзамай толық айығып шықтым. Қазір онколог дәрігерлердің жіті бақылауындамын. Барлығына айтарым, уақыт созып жүріп алмай, күдіктенсеңіз бірден дәрігерлерге қаралу керек. Ертерек емделсеңіз, жаман ауруды да жеңуге болады екен».
Денсаулық сақтау саласындағы жағдайды реттеп, онкология ауруына шалдыққандар санын азайту үшін медицналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту қажет,-дейді дәрігерлер. Ал, тұрғындардың мамандардың шақыруына бей-жай қарамай, әр тексерістен уақытылы өтіп тұрғандары абзал болмақ.