Бүгін – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың дүниеге келген күні. Ұлы ақынның даталы мерекесіне орай,жылдағы дәстүр бойынша Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында мерекелік іс шара ұйымдастырылды.

Жыр алыбы Жамбылдың туған күніне орай, Алматы облысы әкімінің орынбасары бастаған азаматтар ақынның жатқан жеріне келіп, оның рухына тағзым етуден бастады.Сондай-ақ басына барып құрын бағыштап,тәу етті. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, халық поэзиясының атасы атанды.  

НҰРЛАН ӘБДІРАХЫМ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ

Жамбылдың шығармашылық өмірі 19-ғасырдың 70-жылдарынан басталған. Бұл қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Ал, ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, көптеген өлең-жырларын, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. Ақынның шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тараған. Көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. 

Жамбыл ауданында тағы бір ерекше шара орын алды.Қаракәстек ауылының тұрғындары көптен күткен шағын спорт кешені ашылды. Ауылдың қарадомалақтарын салауатты өмір салтына бейімдеуге арналған нысанның құрылысына 700 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Мұнда жастар спорттың бірнеше түрімен шұғылданбақ. Білікті мамандар тартылған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандарының айтуынша өңірге қарасты өзге де шалғай елдімекендерден осындай спорт кешендерін салу қарқынды түрде қолға алынбақ.

ЕРБОЛАТ САРАБЕКҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ