Бұдан былай тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жаза да тексеріс те күшейеді. Мұндай қылмысқа барғандар баспана құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Руслан Қаржаспеков айтты.
РУСЛАН ҚАРЖАСПЕКОВ ҚР ІІМ ӘПК БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: «Заңға мынадай өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ, олар психокоррекциялық тренингтерден міндетті түрде өтуі керек болады. Агрессорды баспанасынан айыру, алкогольді өнімдерді тұтынуға тыйым салу сынды өзгерістер бар. Полиция жұмысының сервистік моделіне көшу аясында қауіпті отбасылық агрессорларды анықтау және әлеуметтендіруге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр және алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасын табатын болады».
Бүгінде материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамдарға дене жарақаты фактілері бойынша 49 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталыпты. Ал, сот шешімі бойынша 6 мың құқық бұзушы қамауға алынған. Айтпақшы, бүгіннен бастап алғаш рет еліміз бойынша зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары үшін сенім телефоны іске қосылды. Жәбір көргендер «111 – Аманат» байланыс орталығына хабарласа алады. Қоңырау шалу тегін.