Геологтар күніне орай алғаш рет музей қорындағы геология коллекциясы негізінде «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты – Отанымыздың табиғи ресурстарын көрсету және оның әр алуандығын насихаттау арқылы жастардың ұлттық геологияны зерттеп, дамытуға деген қызығушылығын арттыру.
Көрме экспозициясына Қазақстан территориясындағы кен орындарынан, атап айтқанда, Жезқазған, Соколов-Сарыбай, Қаражанбас, Текелі, Қарағанды және басқа да кен орындарынан алынып, геологиялық материалдардан іріктелген, ғылыми маңыздылығы жоғары әрі келушілердің қызығушылығын тудыратын 150-ден астам алтын дақтары бар кварц, топаз, аметист, халцедон сияқты жартылай бағалы тастар, малахит, жадеит, азурит, нефрит сынды басқа да минералдар мен тау жынысының үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.
РАШИДА ЕРІМҚЫЗЫ ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
«ҚР Мемлекеттік орталық музейінің негізгі коллекциялары 19 ғасырдың 30 жылдан бастап қалыптасса, осы геология коллекциясы 1935 жылдан бастап қалыптасқан екен. Жалпы Қазақстанның геологиясының тарихына келетін болсақ, бұл геологияның өзі Менделеевтің 118 элементтің 99 түрі бізде анықталған. Бүгінгі коллекцияның бір ерекшелігі – бұрын еш жерде қойылмаған жәдігерлеріміз алғаш рет ұсынылып отыр және қолданылу ерекшеліктеріне байланысты түрлі тақырыптарға бөлініп ұсынылды».
Қазақстан геологиясының даму тарихы Қ.И. Сәтбаев, Ж.А. Айталиев, А.Қ. Қайыпов сынды отандық ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Бүкіл қоғам үшін қажетті ресурстарды іздеу, барлау және өндірумен шұғылданатын ғалымдардың ерен еңбегі нәтижесінде қазіргі таңда 6000 пайдалы қазба орындары ашылған.
АСПАНДИЯР ӘДЕНҰЛЫ Қ.И. СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ МУЗЕЙДІҢ БАС МАМАНЫ: «Қазақстан барлық қазба байлықтар бойынша Қ.Сатпаев болжамымен әлемде бірінші орын алатын ел. Бірақ, оған біздің геологиялық барлау жұмыстарына мемлекеттік тікелей қамқорлығы, яғни, қаржылай көмек қажет болып отыр. Билік тарапынан қолдау болатын болса, Қазақстанда ашылмай жатқан, барлық минерал түрлері бар еді. Менделеевте 90 астам түр болса, бұрынғы заманда геолог ғалымдар айтып кеткендей «барлық түрі табылады, бірақ, зерттеу жұмыстарын тыңғылықты жүргізу керек». Ол үшін әрине бәрі қаржыға келіп тіреледі. Қазақстан әлемдегі жер асты байлығынан алдыңғы орындарда тұрған елдердің бірі».
Пайдалы қазбалар бүгінде энергия көзі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қорытпаларды, құрылыс материалдарын, химиялық заттарды және біздің күнделікті өмірімізге өте қажет басқа заттарды өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылуда.