Демалыс күндері Алматыдағы арбат, кітап патшалығына айналды. Шара қала күні аясында ұйымдастырылды. Сонау 2014 жылы бастау алған фестиваль бүгінде әдеби мәдениетті насихаттаудың бірегей платформасы ретінде танылып үлгерді. Бұл дәстүрден биыл да жаңылған жоқ. Ерекшелігі сол, фестиваль 10 жылда алғаш рет екі күн қатарынан өтті. Толығырақ тілші материалында.
«Келешек кітабы» ұранымен өткен мерейтойлық фестиваль кітапсүйер қауымды түрлі бағдарламасымен таң қалдырды. Фестивальдің негізін қалаушы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, «Kitap Fest Almaty» кітапсүйер қауымды, авторларды және әдебиет саласындағы жетекші сарапшыларды біріктірген қазақстандықтар үшін нағыз мереке. Ол фестиваль кітапқа деген сүйіспеншіліктің символына және Қазақстандағы кітап мәдениетін дамытудағы маңызды кезеңге айналғанын атап өтті.
ЖҰЛДЫЗ ОМАРБЕК KITAP FEST ФЕСТИВАЛІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ «Менің барлық жастарға айтарым, кітап сатып алыңыздар. Себебі кітап оқығанда сіздің ойыңыз кеңейеді. Кітап оқымаған жандар трендке еліктегіш, өз ойы болмайды. Ал, кітап оқыған жандар ойы кең, көзқарасы кең болады. Бақытты, бай боламын десеңіздер кітап оқыңыздар. Қазақ әдебиетін, қазақ баспасын біз қолдауымыз керек. Біз қазақ кітабын сатып алсақ баспалар кітап шығара береді. Біз дәулетті елде тұрғымыз келеді. Ал дәулетті елде тұруымыз үшін білімді жастар керек».
Жиналғандар интерактивті орындар арқылы кітап әлемін шарлады. Қазақстандық жазушылармен кездесулер, балаларға арналған түрлі шеберлік сыныптары, көрмелер мен конкурстар келушілердің назарынан тыс қалмады.
ЛӘЗЗАТ СПАТАЕВА ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Басты мақсат – кітапты оқырман кітап. Еліміздегі өркендеп келе жатқан жас ұрпақтың кітапқа деген құрметі мен кітаптың оқырманға қызмет етуіне атсалысуда кітапхана қызметкерлерігің қосып жатқан үлесі зор деп ойлаймын».
Екі күнге жалғасқан ауқымды шара барысында 50 жаңа шығарма таныстырылды. Жәрмеңке, кітап сатумен ғана шектелмеді. Оқырмандарға қолдағы барын басқасына айырбастауға мүмкіндік жасалды. Ал, ескісі тегін таратылды.