"
«Дикий Арман» жетекшілік еткен қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды. Оларды құрықтау үшін Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп, екі қалада: Алматы мен Шымкентте арнайы операция жүргізді. Айта кетейік, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті соңғы екі жылда осындай 140 қылмыстық топтардың қызметін тоқтатып, қылмыс әлемінің 550-ден астам өкілін жауапқа тартқан.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС ҚР ІІМ ҰҚҚКД БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «Аса қауіпті қылмыстық топтарды, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды құрықтау бойынша жұмыс аяқталып жатыр. Биыл тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп, Алматы және Шымкент қалаларында бір уақытта «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының 15 ықтимал мүшесіне қатысты ұстау және тінту шараларын жүргізді. Топтың жетекшісі мен негізгі мүшелері қамауға алынғанымен, оның басқа мүшелері бостандықта заңсыз әрекеттерді жасауды жалғастырған. Тінту іс-шаралары жүргізіліп, 40-тан астам атыс, травматикалық және суық қару, тағы басқа заттай дәлелдемелер тәркіленген. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды».