Елімізге мемлекеттік іс сапарымен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль арнайы келді. Құрметті мейманды ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жағдайда қарсы алды.

Қазақстанға арнайы келген Корея елінің басшысы мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді. Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін тілге тиек етті. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корей жетекшісі  елдеріміз  арасындағы қарым-қатынасты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге ниетті екенін тағы да растады. Сондай-ақ осы байланыстарды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша одан әрі нығайта түсуге өзара ниет білдірді. 
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты. Қазақстан Президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАР ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпалдастықтың перспективалары талқыланды. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды және конструктивті келіссөз жүргізгені үшін корей тарапына ризашылық білдірді.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Корея Республикасының Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қос мемлекет басшыларының екі жақты кездесуінің нәтижиесі аясында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасындағы жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді.