Келесі жылдан бастап елімізде рөлі оң жақтағы таксилер жұмысын тоқтатады. Себебі олар қауіпті көліктер санатына кірген. Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Яндекс. Такси" мен InDriver өз платформаларында теріс рөлді көліктерді тіркемейді.
Елімізде бұндай көліктерге сұраныстың артуы оның бағасының арзандығы себеп болған. Айта кетейік, рөлі оң жақтағы көліктердің басты кемшілігі – біздің жолдарымызда қолданудың қолайсыздығы. Яғни, елімізде аталған көліктер үшін жол қарастырылмаған.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ: «1 қаңтарға дейін такси агрегаторлары түгендеу жүргізіп, оң рульді көліктерді анықтап, оларға кіруді шектейді. Денсаулық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін оң рульді сол жақ рульге ауыстырған көліктер де қызметтен шығарылады. Себебі олар да қауіптілер санатында.»
Қарабаев конверттелген көліктер VIN кодтарымен сәйкестендірілетінін атап өтті. Оң жақ рөлді көліктерде 13 таңбалы VIN коды, ал сол жақтағы көліктерде 17 таңбалы VIN коды болады. Бұл жұмысқа полицейлер де қосылып, жолдардағы тәртіп бұзушыларды анықтайды. Еске сала кетейік, биыл қаңтарда елімізге оң жақтағы көліктерді бөлшектелген түрде әкелуге уақытша тыйым салынған еді.