Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 мыңнан аса тұрғын-үй әлі де су астында. Ахуал тұрақталған жоқ. Су тасқынының екінші толқыны әсіресе, Шығыстағы ағайынға қиын болайын деп тұр. Мұнда жеті ауданға қауіп төнді.
Бүгін Атырау әкімдігі шұғыл хабарлама жасады. Жайық өзеніндегі су деңгейі 9 см-ге көтерілді. Одан әрі тағы көтерілуі мүмкін. Атырауда қауіп сейілген жоқ. Батыс Қазақстанда психологтар күніне ондаған адамға көмек көрсетіп жатыр. Мамандар тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істеуде.
ЕРАСЫЛ САЙПАШ ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ: «3 709 тұрғын үй мен 2 475 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. Осы сағатта 16 мың адам өз үйлеріне оралды. 6 950 адам, оның ішінде 3 113 бала эвакуациялау пункттерінде. Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен үй жануарларын эвакуациялау алдын ала жүргізілді».
Ал, Шығыс Қазақстанда жағдай күрделене бастады. Су тасқынының екінші толқыны өңірге оңай соқпасы анық дейді жауапты мамандар.
АЯУЛЫМ КЕКИЕВА ШҚО ТЖД ТЖ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: «Орта таулы аймақта және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста су тасқынының екінші толқыны басталды. Қазіргі уақытта облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында, Риддер қаласы мен Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандарында су тасқыны қаупі туындауы мүмкін. Бүгінде қар жамылғысының ауданы облыстың 44%-ын құрайды. Көптеген ауданда қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары».
Аймақтағы ағайынға құтқарушылар мен әскерилерден бөлек, еріктілер де қызмет көрсетіп жатыр. Волонтерлардың басым көпшілігі жастар. Батыс Қазақстанда 11,900 ерікті жұмыс істеуде, бүгін бұл өңірге жұмыс істеп жатқан техникалар қатарына тағы 37 арнайы техника қосылды.
НҰРХАН БАҚЫТЖАНОВ «РҚБ «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Колледж студенттері, қала тұрғындары белсене ат салысып, келе жатқан су тасқынына қарсы жаға бекіту жұмыстарымен айналысып жатыр. Қалада гуманитарлық көмек қабылдау пунктерінде еріктілер жұмыс жасап, таңертеңнен кешке дейін қаламызды аман алып қалу үшін жұмыс жасап жатырмыз».
Су тасқыны салдарынан бес облыста жол жабылды. Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, СҚО-дағы республикалық маңызы бар жалпы ұзындығы 411 шақырымды құрайтын 11 автомобиль жолында қозғалысқа шектеу қойылды. Мұнда жолды қалпына келтіру үшін 356 бірлік техника мен 438 адам жұмыс істеп жатыр.