Жасы жүзге таяған Федор Ковалев – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері. Ол 17 жасында Отан үшін от кешіп, майдан даласына аттанған. Алты айлық оқу-жаттығудан өтіп, Беларусь, Пруссия мен Калининград майдандарында ерлік көрсеткен бозбала кейін Жапон соғысына да қатысып,ерлік көрсете білді. Ардагерін ардақтаған игі шараға назар аударсақ.
1927 жылы Беларусь елінде дүниеге келген Федор Ковалев 1944 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, келесі жылы Кеңес – Жапон соғысына аттанады. Жапонияның тізе бүгуі КСРО-ның Қиыр Шығыстағы қауіпсіздігін нығайтып, Екінші дүниежүзілік соғыстың тезірек аяқталуына жол ашты. Соғыстан кейін туған ауылына оралып, еңбекке араласқан ардагер ұзақ жыл комбайншы болып жұмыс істейді.
1969 жылы отбасымен бірге Жамбыл ауданына көшіп келіп, Ұзынағаш ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығында 20 жылдай слесарь әрі дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Соғыс және еңбек ардагері ретінде ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Федор Ковалев жас ұрпақтың бейбіт өмір сүруін тілеп, соғыстың қайталанбауын қалайды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстап, ардагерге Қонаев қаласынан бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады.
Жамбыл ауданындағы 28237 әскери бөлімінде Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл ерекше күнді атап өтуге аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы арнайы келіп, сарбаздарды айтулы мерекемен құттықтады.
НҰРЛАН ЕРТАС АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Шара барысында ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жауынгерлерге алғыс білдіріліп, олардың ерлік пен жауапкершілікке толы қызметі жоғары бағаланды. Бөлім басшылығы өз ісіне адал, тәртіп пен үлгі көрсеткен сарбаздарды марапаттап, құрмет көрсетті.
ЖАСҰЛАН ХАМИТОВ 28237 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ЕКІНШІ ҚҰТҚАРУ БАТАЛЬОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ
Мерекелік жиын көтеріңкі көңіл-күймен, патриоттық рухта өтті. Бұл шара жауынгерлердің рухын көтеріп қана қоймай, Отан алдындағы борышты өтеудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындай түсті.