Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына дерлік мемлекеттен көмек болады. Ешкім де баспанасыз қалмайды. Қарғын су астында қалған үйлердің тіпті құжаты болмаса да қайта қалпына келтіріледі. Жергілікті әкімдік берген тізім бойынша су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтардың несиелерін төлеу 3 айға дейін уақытша тоқтайды. Кешіктірген төлем үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды. Бүгін Ақтөбе облысына барған үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қол ұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін».
Айта кетейік, жалпы Ақтөбе облысында қауіп әлі де сейілмеген. Өзендердің көпшілігі арнасынан асып тұр. 5 ауданында Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл және Ақтөбе қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Еліміздің өзге өңірлерінде де жағдай мәз емес. Бүгін түнде Астана маңындағы Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылына қарғын су келіп, адамдардың мазасы қашты. Алайда, төтеншеліктер дер уақытында жасанды каналдарды нығайтып, топан судан ауылды аман алып қалды. Алда, күн райы күрт жылынады деген болжам бар. Сондықтан, үкімет басшысы барлық жауапты органға жұмысты күшейтуді тапсырды.