Маңғыстау өңіріне қарасты Жаңаөзен қаласында апатты жағдайда тұрған 9 үй бар. Қабырғасы сөгіліп,күннен-күнге шөгіп бара жатқан баспана бір күні опырылып ортасына түсе ма деп алаңдайды,тұрғындар. Бұдан басқа барар жері жоқ олар, жандарын шүберекке түйіп отырудан басқа амалдары қалмаған.Жергілікті биліктен күдерін үзіпті. Келесі тақырыпқа назар аударсақ.
Бұл баспаналардың іргетасы 1967-1978-ші жылдардың аралағында қаланған. Содан бері жөндеу көрмепті.Қабырғаларынан саңылау көрінеді, төмен қарай шөгіп бара жатқаны тағы бар.Тіпті үйге кіретін есігі де ашылмай қалыпты. Асыл Нарынбаеваның қауіпті баспанада тұрып жатқанына 10 жылдан асыпты. Қазір үйге кіріп-шығу мұңға айналған соң, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.
АСЫЛ НАРЫНБАЕВА ТҰРҒЫН: «Мына үйлер жарылып бастады. Есік ашылмай қалды. Астынан су ағады. Сосын барлық заттарымызды алып көшіп кеттік. Қайтейік енді? Балалар, келін, инвалид шал бар».
Үй деп айтуға келмейді-ау, өйткені қазіргі сиқы мынау. Жер төлесі үнемі суға толып,кәріз құбырлары жиі жарылады. Шатыры жаңбыр жауған күні қорған бола алмайды. Себебі әбден тозығы жеткен, шұрқ тесік.Ал жергілікті биліктің мән беретін түрі жоқ дейді тұрғындар.
АЙМАН ЖАРЫЛҒАСОВА ТҰРҒЫН: «Ешқандай келген комиссия жоқ. Үй апаттық жағдайда. Астында құбырлар жарылып, су кетіп тұр. Жазда иіс отырғызбайды. Шағатын заттар отырғызбайды.Үй қопарылып, опырылып жатыр. Ешқандай әкімдіктің адамдары келген емес».
Ал жауапты мамандар бұл проблемамен жақсы таныс екендерін, мәселені шешу жолдарын қарастырып, тіпті арнайы бағдарлама әзірленгенін алға тартуда. Олардың дерегі бойынша осындай жағдайдағы 40 жуық баспанаға сараптама қорытындысы жасалған. Оның 26-на күрделі жөндеу қажет болса, 14-і сүрілуі тиіс.
СӘМИ ӘДІЛЕТ ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Реновация бағдарламасын қабылдадық мәслихат шешімімен. Бұл бағдарлама күрделі жөндеуді қажет ететін үйге инвестор тарту арқылы жаңа үй салу. Тұрған қабатын, шаршы метрін сақтау отырып дәл сондай үй салатын боламыз. Ол жұмысты наурыз айында бастаймыз».
Әкімдіктің сөзіне сенсек, баспана салып беруге ынта білдірген мердігер мекемелер баршылық екен. Құрылыс жұмыстары біткенше паналайтын жер сұрағандар көп.Барлық өтініштерді ескере отырып, жалдамалы пәтерлерді ұсынып көрмекке бел буып отыр.