Жақында пайда болған сергек камерасының жаңа түрлері көлік жүргізушілерін таңқалдырмасқа қоймады. Себебі, жаңа технологияның мүмкіндіктерінің арқасында бұл үлгілер адамның көзінен де артық жақсы көрсетіп, ұсақ бөлшектерді де түсіріп бере алатын қасиетке ие. Тақырыпқа назар аударсақ.

«Сергек» камералары қоғамдық және жол қауіпсіздігін қадағалау мақсатында елімізге 2017 жылдан бастап келген болатын. Қазір Алматының өзінде 7 мыңнан аса "Сергек" камерасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жақын арада алматылық "Сергектер" бағдаршамның сары түсіне өтетіндерді тіркеуі мүмкін. Айтулы жаңашылдықтарға байланысты темір тұлпарды тақымдаған жүргізушілердің пікіріне назар аударған едік.  

«Енді, сергек енді қажет емес сияқты меніңше. Елдер өзі зорға күнін көріп жүргенде. Білмеймін, штрафтың үстіне штраф болып кетті.Басқа не айтамыз енді ол туралы? Ну, керек емес короче»

«Негізі Қазақстанға сергек қажет деп ойлаймын. Жол апаты көп болып жатыр, адам қағып кету көбеюде. Заң бойынша қажет деп ойлаймын». 

Ал, ПД мамандарының сөзінше сергектің көзіне түсетіндердің қарасы күннен күнге артып келеді. Енді бұл жаңа үлгілер жылдамдықты арттыру мен заңсыз бағдаршамнан өтуді, таңбалау сызығы мен жол белгілерін бұзуды тіркеп қана қоймайды, жаяу жүргіншілерді өткізбейтін жүргізушілерді, қауіпсіздік белдігін тақпайтындарды да анықтамақ. 

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ

Камераның ажырату жабдықтары жоғары деңгейде жасалынған. Сондай ақ, жарқылға қарсы тұратын шыны поляризациялық сүзгімен жабдықталған. Енді ол түнгі уақытта түсірілген заң бұзушылықтарды да жоғары сапада көрсете алады. Жаңа Сергек камералары Астана, Ақтау және Өскемен қалаларында сәтті сынақтан өтуде.