Ақмола облысы Шортанды ауданында орналасқан «Бектау» және «Новоселовка» серіктестіктерінің басшыларына айыппұл салынды. Олардың үстінен қос елдімекен тұрғындары мен жергілікті әкімдік қарамағындағы жерді дұрыс пайдаланбай, қазу жұмыстарын заңсыз жүргізді деген шағым түсірген. Шағымдарға сай облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары тиісті тергеу шараларын жүргізді.
Белгілі болғанындай, жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отырған кәсіпкерлер 26 мың метрден астам жерді тереңдігін 1,5, енін 1 метр қылып қазып тастаған. Заңға сүйенсек, жалға алып отырған жерді қазуға рұқсат жоқ. Сәйкесінше, бұзушылық жасаған серіктестік басшыларының әрқайсысына 3,4 миллион теңгеден айыппұл салынды.
ШОЛПАН МОЛДАҒАЛИЕВА АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 337-ші бабына жатады. Яғни, жердің құнарлы қабатын заңсыз алып тастау немесе жою. Мұндай әрекет үшін жеке тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 700 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 1 мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Сәйкесінше, «Бектау» және «Новоселовка» серіктестіктері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды».