Зеренді ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері жергілікті серіктестікке өтіп кеткен мыңдаған гектар жер үшін соттасып келеді. Жерден нәпақасын тауып отырған қараша соңғы уақытта соқыр тиын да көрмей отырғандарын айтып дабыл қақты.
Тұрғындарға тиесілі жер кепілдікке қойылып, одан кейін басқа серіктестікке аукцион арқылы сатылған. Бұл жөнінен мүлдем бейхабар болған олар жерімізді біздің келісімсіз беріп жіберді деп мәселені сот арқылы шешуден басқа амал таппаған. Үш жылдан бері соттың табалдырығын тоздырған Зеренді ауданына қарасты Ортақ, Айғыржал, Жамбыл, Өзен және Өркен ауылдарының тұрғындары 34 мың гектар жерді қайтара алмай әлек.
ЖҰМАШ ЕРҒАЛИ ӨЗЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Біз ештеңе олардан сұрап отырғамыз жоқ. Біз басқа жерге көшейік деп жатқанымыз жоқ. Бізге өзі положенный жердің дивиденді дейді. Соны беріп отырса, одан басқа ештеңе керек жоқ. Директорымыз Диқан+тің бізге шемішкенің қоқымын сатады. Сонымен күн көріп отырмыз. Жмых дейді ғой. Ал енді басқа бидай туралы ондай әңгіме де жоқ. Сондай қиын жағдай болып тұр».
Серіктестік жерімізді заңсыз иемденгендерімен қоймай, ата-бабамыз жатқан зираттың орнын сырып тастады, бұл мәселені соттағылар да, әкімдіктегілер де жылы жауып қойды,- дейді ауылдықтар.
АЛПАМЫС ҚОЖИН ОРТАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Менсіз, менің құқығымсыз.Үкімет маған берді оны пайдалан, бала-шағаң бәрі күн көрсін деп. Ал олар маған айтпай алды да сатып жіберді. Енді не мал жаятын жер жоқ, не шөп шабатын жер жоқ. Біздің жақтың егіні зона рисковонного земделия. Әрбір десін химиямен травить етіп бітті бүкіл жердің бәрін, келгендердің бәрі. Егінін алады да, қалтасын толтырып алады да кетеді. Ол не керек бізге. Ал біз сол жерде өмір сүреміз ғой. Зиратымызға дейін сырып кетті. Ескі қорымдар бар ғой кәдімгі. Ата-бабамыз жатқан. Соны мына Диқан+ жыртып кетті».
Серіктестік директорының айтуынша, Күсеп серіктестігі қарызын өтей алмаған соң ол жерлерді Халық банкі кепілдікке алған. Ал, кепілдікте тұрған жер уақыт өте аукционға түсіп «Диқан+» серіктестігінің меншігіне өткен. Біз ешкімнің жерін тартып алған жоқпыз деген серіктестік басшылығының өз айтары бар.
ДЕНИС ШВАЙБОВИЧ СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ «Біріншіден, біз жерді тартып алған жоқпыз. Екіншіден «Диқан+ серіктестігі әлеуметтік жауапкершілігі мол шаруашылық. Тұрғындармен талай рет кездесіп бұл мәселені талқылағанбыз. Олар дивиденд алғылары келетінін айтқан. Бірақ, 2021 жылы тұрғындардың біреуінен шағым түсіп, біз әлеуметік келісім-шарт жасап, кезінде Күсептің құрамында болғандарға көмек көрсету туралы шешім шығардық және ол көмек көрсетілді. Дегенмен, бұл шешім тұрғындардың көңілінен шықпаған сияқты».
Ұзаққа созылған сот отырысына нүкте қойылып, наразы тараптың арызы қанағаттандырылмады. Алайда ашынған қараша мұнымен тоқтамаймыз,дейді.