Зертханада өсірілген сиыр еті жақын арада мал азығында пайда болады. Чехияның Bene Meat стартабы Еуроодақта бірінші болып жасанды ет өндіру мен сатуға лицензия алды.
Бұл өнім өсімдік компоненттерінен жасалған еттің аналогына жатпайды. Жасанды етті биореактордағы қоректік ортаға орналастыратын жасушадан өсіреді.
РОМАН КРЖИЖ – BENE MEAT КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Біз бірінші болып осындай етті үй жануарларына арналған азық ретінде пайдалануға рұқсат алдық. Біздің бәсекелестеріміздің көпшілігі біздің тәжірибемізді қолдануға асықпайды, бәлкім, олардың бағаға қатысты мәселелері бар шығар. Бірақ біз бәрін шешкен сияқтымыз".
Жобаның зерттеліп, дайындалып жүргеніне бірнеше жыл болды.Компанияда 80 зерттеуші жұмыс істейді.
РОМАН КРЖИЖ – BENE MEAT КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Осы кезеңде біз өнімнің дәмдік қасиеттерін тексеріп, жануарларға ұнайтынын білеміз. Бұған бірнеше ай кетеді деп ойлаймын.Содан кейін келісімшарттар жасауға болады ".
Әзірге зертханада бір күнде бір килограмм ет өсіріледі. Келесі жылы өндірісті бірнеше жүз килограмға дейін, содан кейін күніне бірнеше тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазір ғалымдар сиыр етін өсіріп, болашақта шошқа және тауық етін жасауды жоспарлауда. Чех зерттеушілері азық өндірушілерге олардың өнімдері нағыз еттен арзан болады дейді. Оның үстіне ол әрдайым сапалы болады - гормонсыз, антибиотиктерсіз және артық майсыз. Бастапқыда жасанды ет өте қымбат болды. Мысалы, 2008 жылы түтікшеде өсірілген 250 грамм сиыр еті миллион долларға бағаланған.Технологиялардың дамуымен құны ондаған мың есеге төмендеп отыр.